Маса мен шіркейлерге қарсы күрес басталып кетіпті

Көктем келіп, күн жылына бастаған шақ. Астана тұрғындары үшін серуен маусымы ашылды. Әзірге маса жоқ. Дегенмен қалада дезинсекциялық жұмыстарға қызу дайындық басталды. Бұл туралы Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы мәлімдеді.
— Қазір біз қала бойынша энтомологиялық мониторинг жүргізіп жатырмыз, — дейді басқарманың ветеринария және фитосанитария бөлімінің басшысы Азат Тұрапбаев. — Яғни барлық су қоймаларын тексеріп, маса дернәсілдерінің бар-жоғын анықтаймыз.
Оның айтуынша, бұл жұмыс алдын ала басталған және қазір мамандар белсенді зерттеу жүргізуде.
— Негізгі өңдеу жұмыстары сәуірдің екінші жартысында басталады. Күн сайын шамамен 110–120 дезинсектор жұмысқа шығады, — дейді ол.
Ал дезинсекцияны тікелей жүргізетін ұйым — Астаналық дезинфекция ЖШС.
Компанияның атқарушы директоры Алтынбек Мертасов дайындық толық аяқталғанын айтты.
— 2 сәуірден бастап біз шағын су қоймалары мен батпақты жерлерді тексеруді бастадық. Қазір техника да, мамандар да толық дайын, — дейді ол. — Дернәсілдер анықталған соң бірден өңдеуге кірісеміз. Кейін ашық аумақтарға — саябақтар, гүлзарлар, тұрғын үй алаптарына өтеміз.
Жалпы, биылғы жұмыс алты кезеңге бөлінген. Әр кезең бірнеше сатыдан тұрады:
алдымен су айдындары өңделеді, содан кейін қала аумағы толық қамтылады.
Бұл жұмыстар заманауи техниканың көмегімен жүргізіледі:
— моторлы бүріккіштер
— ыстық тұман генераторлары
— арнайы дезинсекциялық машиналар
— қайықтар
— агродрондар
Қолданылатын препараттар адамдар мен жануарларға зиянсыз дейді мамандар. Ал су қоймалары үшін экожүйеге қауіпсіз биологиялық құралдар пайдаланылады.
Қысқасы, қалада қазірден бастап масаға қарсы “күрес” басталып кетті.
Мақсат біреу — жазда тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта жасау.



