Демалыс

Астанада биыл демалатын жерлер көбейетін болды

Елордада серуендеуге арналған жаңа орындар көбеймек. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекөзінің Instagram парақшасында бөлісті.

Оның айтуынша, қалада ауқымды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы жылдары ғана Астанада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі жаңартылған. Ал биыл бұл жұмыс одан әрі жалғасады.

Әсіресе, тұрғындар мен қонақтар жиі баратын жерлерге ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, «Мыңжылдық» аллеясы енді жаңа келбетке ие болмақ. Мұнда бірден үш негізгі аймақта жұмыс басталады: Қуанышбаев театры алдындағы гүлзар, теміржол вокзалы маңындағы парк және «Нұрлы жол» вокзалының аумағы. Болашақта бұл аумақтардың барлығы ұзындығы 4 шақырымнан асатын үлкен жаяу жүргіншілер желісіне біріктіріледі.

Қаладағы тағы бір маңызды жоба — Greenline жаяу жүргіншілер желекжолы. Оның екінші кезеңінде жаңа ойын алаңдары, спорт аймақтары мен шағын тоғандар пайда болады. Бұл аумақ Төле би, Әнет баба, Күлтегін және Айтматов көшелерін байланыстырады.

Өзгерістер тек саябақтармен шектелмейді. Қалдаяқов пен Кенесары көшелері, сондай-ақ Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр, Момышұлы және Ұлы Дала даңғылдары да жаңартылып жатыр. Бұл жерлерде басты назар жаяу жүргіншілерге қолайлы орта құруға бағытталған.

Сонымен қатар, Есіл өзенінің жағалауында үздіксіз серуен жолы жасалуда. Ал «Бейбітшілік және келісім» саябағы мен «Қалалық романс» саябағы кеңейтіліп, жаңа бағыттармен толықтырылады. Кіші Талдыкөл аумағында да жаңа эко-саябақ ашу жоспарланған.

Қала ішінде шағын, бірақ маңызды өзгерістер де бар. Мәселен, «Тұлпар» сауда үйі маңы, №119 мектеп жанындағы аумақ, Пушкин және Сәтбаев көшелеріндегі гүлзарлар жаңарып, тұрғындарға жайлы демалыс орындарына айналады.

Әкімнің айтуынша, бұл жұмыстар Астананың барлық ауданын қамтиды. Нәтижесінде қала тұрғындары үшін жайлы, жасыл әрі заманауи қоғамдық кеңістіктер көбеймек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button