Қоғам

Астана маңында бөгет бұзылып, жедел жұмыстар басталды

Астана–Қорғалжың республикалық тас жолы маңында көктемгі су тасқынына байланысты күрделі жағдай қалыптасты. Еріген қар суының көлемі күрт артып, қорғаныс бөгетінің бір бөлігі бұзылған.

Мамандардың мәліметінше, жағдайды тұрақтандыру және су басу қаупін азайту мақсатында жедел шаралар қолға алынған. Негізгі мақсат – тасқын суды елді мекендерден алыс, дала аймағына бағыттау.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта трассаның жол төсемінің деңгейін көтеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл шара су ағынын бақылауға алып, оның қауіпті бағыттарға таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.

Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бүгінгі күнге дейін шамамен 5 мың дана құм толтырылған қап дайындалып, 50 мың тоннаға жуық инертті материал жеткізілген. Сонымен қатар ұзындығы 800 метрге жуық топырақ үйіндісі төселген.

Оқиға орнында арнайы техника жұмылдырылып, ТЖМ қызметкерлері мен жергілікті билік өкілдері кезекшілік атқаруда. Жұмыстарды үйлестіру үшін ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы мен өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы тікелей бақылау жүргізіп жатыр.

Қазіргі таңда су басудың алдын алу және автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданған. Мамандар жағдай тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

Тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтап, ресми ақпарат көздеріне сүйену ұсынылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button