Салқын ауа, ыстық рух: Астанада жүгіру маусымы басталды

Астанада таңертең ерте ерекше атмосфера байқалды. Ботаникалық саябақ маңына жүздеген адам жиналып, бір мақсатқа – жүгіруге дайындалып жатты. Бұл «Esil RUN» жазғы маусымының ашылуы еді.
Ауа райы сәл салқын болғанымен, қатысушылардың көңіл күйі көтеріңкі болды. Көпшілік бір-бірін қолдап, жарыс алдында жылы сөздер айтып жатты. Солардың бірі Салтанат Мейрамқызы бұл шараға жыл сайын қатысатынын айтып, мұндай жарыстардың ерекше атмосфера сыйлайтынын жеткізді.
Старт берілген сәтте 1500-ге жуық адам бір мезетте алға ұмтылып, 4 шақырымдық қашықтықты бағындыруға кірісті. Бұл тек жарыс емес, салауатты өмір салтын таңдаған жандардың ортақ мерекесіне айналды.
Мәреге жеткен әрбір қатысушыға естелік медальдар табысталып, түрлі сыйлықтар ойнатылды. Көпшілік үшін бұл жеңіс тек нәтиже емес, өз-өзіңді жеңудің бір дәлелі болды.
Осындай спорттық шаралар Астана қаласында жиі өтіп тұрады. Олар тұрғындарды белсенді өмір салтына баулып, қаланың спорттық рухын нығайта түсуде.



