Спорт

Жеңімпаз жауған күн: 2 алтын, 1 қола

Елордада спорт сүйер қауым үшін қуанышты жаңалық – Бокстан Азия чемпионаты додасында табысты өнер көрсеткен астаналық боксшылар елге жеңіспен оралды. Астана халықаралық әуежайы алаңында чемпиондарды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.


Жеңімпаз спортшыларды қала тұрғындары, жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері зор құрметпен күтіп алды. Олардың қатарында Василий Левит те болып, елордалық спортшылардың жетістігіне жоғары баға берді.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов жетекшілік еткен команда құрлықтық бәсекеде үздік нәтиже көрсетіп, ел қоржынына 2 алтын және 1 қола медаль салды.


Атап айтқанда, 85 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрбек Оралбай алғаш рет Азия чемпионы атанып, өзінің спорттық мансабында маңызды белесті бағындырды. Бұған дейін ол 2022 жылы Амманда өткен чемпионатта қола жүлде иеленген еді.

Ал аса ауыр салмақта (+90 кг) жұдырықтасқан Айбек Оралбай қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, үш дүркін Азия чемпионы атанды. Бұл – оның 2022 және 2024 жылдардағы жеңістерінен кейінгі үшінші алтыны.

Сондай-ақ әйелдер арасында 75 келіде бақ сынаған Валентина Хальзова Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.


Команда капитаны Айбек Оралбай өз сөзінде бұл жетістіктің бүкіл ұжымның ортақ еңбегі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болған. Сонымен қатар, спортшы алдағы жоспарларымен бөлісіп, қыркүйек айында өтетін ірі додаға тыңғылықты дайындық жүргізілетінін жеткізді.

Боксшы өз сөзінде ел қолдауының маңыздылығын ерекше атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев пен жаттықтырушылар құрамына алғысын білдірді.

Елорда спортшыларының бұл жеңісі – қазақстандық бокстың жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеген маңызды жетістік. Алдағы жарыстарда да көк туымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз асқақтай беретініне сенім мол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button