Спорт

Тарихи алтын: Айым Серікбаева – әлем чемпионы!

Астана қаласының жас спортшысы Айым Серікбаева таеквондодан (WT) жастар арасында әлем чемпионы атанып, Қазақстан спортының тарихына жарқын жетістік жазды. Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінің финалында ол мексикалық қарсыласы Понсе Нуньес Дара Ширлиді 2:0 есебімен сенімді түрде жеңіп шықты.


Бұл жеңіс – ел үшін ерекше маңызды. Себебі Қазақстан құрамасы таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионатында соңғы рет алтын жүлдені 2006 жылы иеленген болатын. Араға 20 жыл салып, Айым Серікбаева осы олқылықтың орнын толтырып, ел қоржынына тарихи алтын медаль салды.


Айта кетейік, жас спортшы бұған дейін де ірі жарыстарда топ жарып, Азия чемпионы және жастар арасындағы Азия ойындарының жеңімпазы атанған еді. Енді оның жетістіктер қатарына әлем чемпионы атағы қосылып отыр.


Қазіргі таңда Ташкентте өтіп жатқан таеквондодан (WT) жастар арасындағы әлем чемпионаты 17 сәуірге дейін жалғасады. Қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл жарыс тағы да қуанышты жаңалықтарға толы болады деген сенім бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button