МәдениетСпорт

20 жылда бір келген тарихи жеңіс

Елорда әуежайында ерекше сәт тіркелді — таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионы атанған Айым Серікбаева елге оралды. Ташкент төрінде өткен жаһандық додада топ жарып, Қазақстан қоржынына 20 жылдан кейін алтын медаль салған спортшыны Астана жұртшылығы зор құрметпен қарсы алды.

Халықаралық әуежайда чемпионды жақындары мен жанкүйерлерінен бөлек, қалалық спорт басқармасының өкілдері, спорт ұйымдарының басшылары, БАҚ қызметкерлері және әріптестері күтіп алды. 44 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеген Айым жарыстың «ең үздік спортшысы» атағына да ие болды. Онымен бірге жеке бапкері Еркебұлан Ермекалиев пен жаттықтырушылар құрамы да елге оралды.

Жас спортшы жеңістің оңай келмегенін атап өтті. Оның айтуынша, әлем чемпионатына дайындық ұзақ әрі жүйелі жүргізілген.
— Әлем чемпионатына ұзақ уақыт бойы дайындалдым. Жартылай финал мен финал өте тартысты өтті. Бұл жеңіс — бапкерлерімнің еңбегінің нәтижесі. 2025 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атандым, енді жастар арасында әлем чемпионы болдым. Бұл тек бастамасы, алда әлі талай белес бар. Күзде Сенегалда өтетін жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиадаға қатысуды жоспарлап отырмын, — деді Айым Серікбаева.

Айта кету керек, ол бұған дейін де халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсеткен. 2025 жылдың қазан айында Бахрейнде өткен Жазғы Жастар ойындарында «үздік спортшы» атанып, Азия чемпионаттарында да топ жарып үлгерген.

Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Айтжан Алдабеков әлем чемпионатының қорытындысына оң баға берді. Оның сөзінше, Қазақстан құрамасы жоғары деңгейде өнер көрсеткен.
— Жалпы есепте біз 1 алтын, 4 қола медаль иелендік. Бұдан бөлек, бес спортшымыз жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады. Бұл да — жақсы көрсеткіш. Ал Айымның басты артықшылығы — оның әр жаттығуға тез бейімделіп, қысқа уақытта қалпына келе алуы. Енді басты мақсат — 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасы, — деді ол.

119 мемлекет қатысқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үздік ондыққа енді. Бұл нәтиже ел спортының даму қарқынын айқын көрсетеді.

Айым Серікбаеваның бұл жеңісі — тек жеке жетістік емес, тұтас ел спорты үшін маңызды тарихи белес. 20 жылдық үзілістен кейін келген алтын медаль жас буынға жаңа серпін беріп, Қазақстан таеквондосының әлеуетін әлемге тағы бір мәрте дәлелдеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button