Қоқыс енді жарыққа айналады: Астанада жаңа зауыт салынып жатыр
Астанада қоқысты пайдаға жаратуға бағытталған үлкен жоба басталды. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек қоқыс жағу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыттың құрылысы ресми түрде басталғанын айтты.

Жаңа жоба аясында арнайы экопарк салынады. Онда тұрмыстық қалдықтар өртеліп, одан электр энергиясы өндіріледі. Яғни, бұрын тек жиналып жатқан қоқыс енді қалаға пайда әкелмек.
Зауыт 3 жыл ішінде салынып бітеді. Іске қосылғаннан кейін жылына 550 мың тонна қоқыс өңдей алады. Бұл қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі.
Сонымен қатар, зауыт жылына шамамен 330 млн кВт·сағ электр энергиясын өндіреді. Оның басым бөлігі қалаға беріліп, Астананың энергия тұрақтылығын арттырады.
Тағы бір жақсы жаңалық — жоба аясында кемінде 90 жаңа жұмыс орны ашылады. Қызметкерлер арнайы оқудан да өтеді.
Қазір қаладағы барлық қоқыс арнайы зауытта сұрыпталып, кейін полигонға жіберіледі. Ал жаңа жоба іске қосылса, қоқыс көлемі азайып, оны тиімді пайдалану мүмкіндігі артады. Яғни Астанада қоқыс тек проблема емес — енді ол энергия көзіне айналмақ



