ҚоғамМәдениет

Ерекше жандарға арнайы вагондар шығады

Қазақстанда көлік инфрақұрылымын қолжетімді ету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Соның аясында алдағы жылдары пойыз құрамында ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған арнайы вагондар енгізіледі.

Қазіргі таңда елдегі пойыздардың шамамен 90%-ы көтергіш құрылғылармен және ыңғайлы купелермен жабдықталған. Ал 2030 жылға қарай әрбір пойыз құрамында кемінде бір арнайы вагон болуы жоспарланып отыр.

Вокзалдар мен әуежайлар жаңғыртылуда

Теміржол вокзалдары да кезең-кезеңімен жаңартылуда. Онда пандустар, лифтілер, арнайы көтергіштер орнатылып, кассалар мен санитарлық тораптар баршаға ыңғайлы болатындай қайта жабдықталуда.

Әуежайларда да қолжетімділік деңгейі артып келеді. Сонымен қатар, автобус парктері мен автовокзалдарда да жағдай жақсарып жатыр: қазіргі таңда автовокзалдардың шамамен 80%-ы, ал қалалық автобустардың 79%-ы қажетті талаптарға сәйкес келеді.

Инватакси саны артып келеді

Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған инватакси қызметі де қарқынды дамып жатыр. Соңғы уақытта мұндай көліктер саны 30%-ға көбейіп, бүгінде олардың жалпы саны 1 426-ға жеткен.

Жалпы, аталған шаралар мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қозғалуына жағдай жасап, олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік беруге бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button