Astana Eurasian Book Fair – 2026: елорда бес күн кітап мерекесін тойлайды
Астанада Орталық Азиядағы ең ірі мәдени оқиғалардың бірі Astana Eurasian Book Fair – 2026 халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі басталды.
Астанадағы Президенттік орталықта IX халықаралық Astana Eurasian Book Fair – 2026 көрме-жәрмеңкесінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл Орталық Азия кеңістігіндегі ең ауқымды мәдени-ағартушылық жобалардың бірі.
Биылғы көрмеге мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, танымал жазушылар мен шетелдік дипломаттар қатысып, кітаптың қоғамдағы рөлі мен маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Көрмені ұйымдастыруды «Фолиант» баспасы қолға алған. Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және «Qazaq Creative» креативті индустрияларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асуда.
Биыл жәрмеңкеге 80-нен астам баспа, ғылыми-білім беру және полиграфиялық ұйым қатысуда. Олардың жартысына жуығы қазақстандық мекемелер. Сонымен қатар Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла және Ұлыбританиядан келген қатысушылар да бар.
Бес күнге жоспарланған бағдарлама мазмұнға бай. Кітап тұсаукесерлері, авторлармен кездесулер, автограф-сессиялар және балаларға арналған арнайы шеберлік сабақтары өтеді.
23 сәуір – Ұлттық кітап күні аясында «Ұлттық кітап» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. Бұл бастама отандық баспа ісін дамытуға серпін беруді көздейді.
Айта кетейік, халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі 22–26 сәуір күндері 10:00-20:00 уақыт аралығында Президенттік орталықта өтеді.
Кіру тегін.



