Технология

Қосшыға жол ашылады: LRT жобасы кеңейтілмек

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қосшы бағытынан күн сайын елордаға 22 мыңнан астам көлік қатынайды. Бұл көрсеткіш жол қозғалысына айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Осыған байланысты қала билігі жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесін дамыту арқылы кептелісті азайтуды көздеп отыр.

Жоспарға сәйкес, 2026 жылдың соңына қарай Қосшы бағытына қарай тағы бір жаңа LRT желісінің құрылысын бастау жоспарланған. Жоба Чингиз Айтматов көшесі арқылы Талдыкөл көлі бағытына дейін жалғасуы мүмкін.

Бұл бастама бұған дейін де талқыланған. Әсіресе «Үркер» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен өткен кездесуде Қасымбек Қосшының қарқынды дамып келе жатқанын, тіпті ол елордаға жақын толыққанды спутник-қалаға айналып жатқанын атап өткен болатын. Соның нәтижесінде екі елді мекен арасындағы көлік ағыны жыл сайын артып келеді.

Жоба аясында LRT желісінің бір бөлігі жер үстімен өтетіні де қарастырылып отыр. Яғни, толық эстакадалық емес, аралас форматтағы құрылыс болуы мүмкін.

Картографиялық деректерге сүйенсек, Астана мен Қосшы орталықтарының арақашықтығы шамамен 26 шақырымды құрайды. Бұл қашықтық күнделікті қатынайтын мыңдаған тұрғын үшін жаңа көлік шешімдерінің қажет екенін көрсетеді.

Жаңа LRT желісі іске қосылса, қала мен маңайдағы елді мекендер арасындағы байланыс жеңілдеп, жолдағы жүктеме айтарлықтай азаюы күтілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button