Астаналық жас инженерлер робототехникадан үздік атанды

Елордадағы №111 жалпы білім беретін мектептің Une-eleven командасы Abonacci Eurasia Robot Olympiad халықаралық олимпиадасында FOOTBOT LEGO LEAGUE санаты бойынша жүлдегер атанды.
Оқушылар қазылар алқасының арнайы марапаты — Judges Award иегері болды. Бұл марапат инженерлік шешімдердің сапасы, жобаның жүзеге асырылу деңгейі және болашақтағы әлеуеті үшін табысталады.

Жарысқа 20-ға жуық елден жүздеген команда қатысып, Қазақстан делегациясы ең ірі құрамалардың біріне айналды — бұл мектеп оқушылары арасында STEM бағытына қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
One-eleven командасының құрамында 7-сынып оқушылары Салауат Табарак пен Нұржан Мұрат болды. Оларға жетекшілік еткен — Ерлан Бадилов. Команда жарыс барысында тұрақты нәтиже көрсеткен роботты әзірлеп, бағдарламалады.
Бұл жетістікке Alem Qutylys AQ (Bl Group) компаниясының қолдауы да үлкен үлес қосты. Компанияның қолдауының арқасында Салауаттың жарысқа қатысуы мүмкін болды. Ол роботты құрастыру, баптау және жарыс кезінде туындаған техникалық мәселелерді жедел шешу жұмыстарын атқарды.
Нәтижесінде үздік командалар өз жобаларын әлемдік кезеңде, Рим қаласында таныстыру мүмкіндігіне ие болды.



