
Елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше мәдени кешке қатысу мүмкіндік бар. Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы негізінде сахналанған поэтикалық драма көрерменге қайта жол тартады. Қойылымға кіру тегін.

Спектакль Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығына арналған «Мерекелі ай» аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл шығарма адал достық пен мәңгі махаббаттың символына айналған туынды ретінде көрермен жүрегінен ерекше орын алған.

«Танакөз» поэтикалық драмасы балалық шақтан басталған шынайы достықтың, ғұмырлық махаббаттың және өмірдің түрлі сынақтарын бірге еңсерген жандардың тағдырын баяндайды. Қойылым көрерменді терең сезімге бөлеп, өмірдің шынайы құндылықтарын сезінуге жетелейді.

Іс-шара 2026 жылғы 28 сәуір күні сағат 19:00-де А. Янушкевич көшесі, 6 мекенжайындағы «Шаңырақ» залында өтеді.
Театрсүйер қауым үшін әсерлі поэзия мен сахна өнерін қатар сезінуге тамаша мүмкіндік.



