Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирін ТЕГІН көріңіз

8–10 мамыр аралығында елордада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирі өтеді. Дүбірлі дода қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасы ашық жаттығу жиынын өткізіп, алдағы жарысқа дайындықтарын көрсетті.

Жаттығу жиыны Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы ұйымдастырылды. Оған әлемдік аренада ел намысын қорғайтын үздік спортшылар қатысты. Ашық жаттығудан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері дзюдошылар мен жаттықтырушылар штабынан сұхбат алып, команданың дайындығымен танысты.

Халықаралық рейтингтік турнирде Астана қаласының екі спортшысы татамиге шығады. 81 келі салмақта Амангелді Мәди бақ сынаса, 73 келіде Дүйсенхан Ерсұлтан ел намысын қорғайды. Елордалық жанкүйерлер спортшылардан жоғары нәтиже күтуде.
Қазіргі таңда Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына әлемнің 39 елінен 300-ден астам спортшы тіркелген. Бұл турнирде жүлделермен қатар, 2028 жылы Los Angeles қаласында өтетін Олимпиада ойындарына қажетті маңызды рейтингтік ұпайлар сарапқа салынады.
Айта кетейік, Астана бұл беделді жарысты биыл төртінші рет қабылдап отыр. Турнир 8–10 мамыр күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы өтеді. Дзюдо жанкүйерлері үшін кіру тегін.



