Отан қорғаушылар күні: қандай қызықтар күтіп тұр?
Елімізде 7 мамыр күні Отан қорғаушылар күні атап өтіледі. Осы мерекеге орай Астанада тұрғындар мен қонақтарға арналған түрлі іс-шаралар өтеді. Бағдарлама әскери қызметті насихаттап, патриоттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Негізгі шаралардың бірі – сағат 11:00-де Қазақ елі монументі алаңында өтетін плац-концерт. Мұнда әскери оркестрлер өнер көрсетіп, саптық дайындық элементтері мен салтанатты бөлімшелердің көрсетілімдері ұсынылады. Іс-шараға Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері қатысады.
Мерекелік бағдарлама Нұржол желекжолы аумағында жалғасады. Сағат 15:00-де Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық оркестрі салтанатты шерумен өнер көрсетеді.
Сонымен қатар, Астана Арена стадионы маңында open air форматындағы шара өтеді. Таңғы 10:00-ден бастап жәрмеңке, сауда және балалар аймақтары жұмыс істейді. Кешкі 19:00-де эстрада жұлдыздарының концерті ұйымдастырылады.
Сол күні сағат 18:00-де Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры сахнасында «Тыныштық күзетшісі» спектаклі қойылады.
Бұдан бөлек, 7 мамыр күні сағат 17:00-де Жетісу саябағы және 8 мамырда М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы маңындағы Арбатта концерттер өтеді. Сондай-ақ 7 мамыр күні кешкі 19:00-де осы жерде Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мен оркестрінің қатысуымен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.
Мереке аясында ашық есік күндері, экскурсиялар, ардагерлермен кездесулер және жастарға арналған патриоттық шаралар да өткізіледі. Мектептер мен колледждерде оқушыларды «Жас сарбаз» қатарына қабылдау рәсімдері ұйымдастырылады.
Осылайша, Астанадағы Отан қорғаушылар күні тек мерекелік концерттермен шектелмей, елге қызмет етудің маңызын түсіндіретін, патриоттық рухты арттыратын кең ауқымды шараларға ұласады.



