Спорт

Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026: Астана татамиінде қызу тартыс

Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 бүгін елорда төрінде бастау алды. 8–10 мамыр аралығында өтетін дүбірлі дода Қазақстанда төртінші рет ұйымдастырылып отыр.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы қабырғасында өтіп жатқан жарысқа әлемнің таңдаулы дзюдошылары жиналды. Биылғы турнирге 39 мемлекеттен 300-ден астам спортшы қатысуда.

Халықаралық жарыста Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпиондары және әлемдік рейтинг көшбасшылары татамиге шығады. Турнир нәтижесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Халықаралық дзюдо федерациясы бекіткен әлемдік және Олимпиадалық рейтинг ұпайлары беріледі. Бұл ұпайлар спортшылар үшін 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алуда маңызды рөл атқарады.

Мамандардың айтуынша, Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің Астанада тұрақты ұйымдастырылуы еліміздің халықаралық спорт аренасындағы беделін арттырып, дзюдо спортының дамуына тың серпін береді.

Айта кетейік, 2027 жылы Астана дзюдодан әлем чемпионатын қабылдайды. Бұл Қазақстанның ірі халықаралық спорт жарыстарын жоғары деңгейде өткізе алатынын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Спорт жанкүйерлері жарысты тікелей эфирде тамашалай алады. Кіру тегін. Турнир көрсетілімдері Qazaqstan және QazSport телеарналарында, сондай-ақ Judo TV платформасында жүргізіледі.

Еске сала кетейік, мамыр айында еліміздің бірнеше өңірінде ірі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button