Пара дзюдодан Grand Prix турнирі басталды
12–13 мамыр күндері Астана әлемдік деңгейдегі ірі спорттық додаға куә болады. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы алаңында IBSA JUDO GRAND PRIX ASTANA халықаралық пара дзюдо турнирі өтеді.

Беделді жарыс Халықаралық зағиптар спорт ассоциациясының (IBSA) ұйымдастыруымен өтеді және 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиада ойындарына рейтингтік ұпай береді. Сондықтан бұл турнир спортшылар үшін аса маңызды сындардың бірі саналады.
Жаһандық додаға әлемнің 25 елінен 150-ден астам мықты спортшы қатысады. Турнир барысында 8 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады.
Ел намысын Қазақстанның ең үздік пара дзюдошылары қорғайды. Олардың қатарында Зарина Райфова, Жұрқамырза Шүкірбеков, Құлмырза Бексұлтан, Ғалымжан Смағұлұлы және Альфия Тлекқабыл секілді тәжірибелі спортшылар бар.
Жалпы Қазақстан құрамасынан 26 спортшы татамиге шығады.
Соңғы жылдары Астанада пара дзюдодан әлем чемпионаты, Grand Prix кезеңдері және Азия чемпионаты ұйымдастырылды. Бұл Қазақстанның пара спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын көрсетеді. Спортшылардың қызу тартысын тамашалау тегін.



