Астаналық Нұрислам Бактубаев Азия чемпионы атанды

Ташкентте өтіп жатқан бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар жарқын жеңістерімен қуантып жатыр. Солардың қатарында елордалық боксшы Нұрислам Бактубаев та бар.
U15 санатында өнер көрсеткен жас былғары қолғап шебері 55 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алып, Азия чемпионы атанды. Финалда Нұрислам өзбекстандық Бобурмирзо Муродовпен кездесіп, жоғары деңгейдегі дайындық пен шеберлігін көрсетті.
Тартысты өткен жекпе-жекте қазақстандық спортшы қарсыласын 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, чемпиондық атақты қанжығасына байлады.
Осылайша, Нұрислам Бактубаев Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті алтын медальді салып, ел намысын абыроймен қорғады. Жас спортшының бұл жетістігі елордалық бокс мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.



