Астанада әлемнің клоундары бас қосады

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елордада III Халықаралық клоундар фестивалі ұйымдастырылады. Мерекелік шара балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, отбасылық демалыс мәдениетін дамытуға бағытталған.
Фестивальдің басты ерекшелігінің бірі – клоундар шеруі. Түрлі образдағы өнерпаздар сағат 12:00-де «Бәйтерек» монументінен жүріп өтіп, «Ғашықтар» саябағына дейін мерекелік атмосфера сыйлайды.
Биылғы фестивальге танымал Мұтырғановтар отбасы, Қазақстанның әр өңірінен келген әртістер және Дания, Италия, Франция, Аргентина мен Ресейден арнайы шақырылған шығармашылық ұжымдар қатысады.
Кешкі сағат 17:00-де Амфитеатр сахнасында фестиваль қатысушыларының үлкен концерттік бағдарламасы өтеді. Көрермендерге клоундық қойылымдар, сахналық көріністер мен балаларға арналған түрлі қызықты нөмірлер ұсынылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, отбасылық құндылықтарды насихаттауға және елордада жарқын мәдени орта қалыптастыруға бағытталған.



