Елорда көшелерін клоундар шеруі сәнге бөледі
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елордада III Халықаралық клоундар фестивалі ұйымдастырылды.
Мерекелік шара «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан басталып, өнерпаздар қаланың басты нышандарының бірі – «Бәйтерек» монументіне дейін жетті. Осы жерден түрлі-түсті костюм киген клоундар мен әртістердің шеруі басталып, «Ғашықтар» саябағына дейін жалғасты. Олар қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Фестивальдің мақсаты – балаларға мерекелік атмосфера қалыптастырып, отбасылық демалыс мәдениетін дамыту және шығармашылық орта құру.
Биылғы шараға танымал Мұтырғановтар отбасы, Қазақстанның әр өңірінен келген өнерпаздар, сондай-ақ Дания, Италия, Франция, Аргентина және Ресейден келген шығармашылық ұжымдар қатысуда.
Шеру барысында көрермендер клоундардың интерактивті қойылымдарын, цирк өнерінің элементтерін және ерекше сахналық бейнелерді тамашалады.
Фестивальдің негізгі концерттік бағдарламасы Тұран даңғылы, 2/6 мекенжайындағы Амфитеатр сахнасында өтеді. Онда балалар мен отбасыларға арналған қойылымдар, сахналық көріністер мен мерекелік нөмірлер ұсынылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль балалардың мәдени-шығармашылық дамуын қолдауға, отбасылық құндылықтарды насихаттауға және елордадағы мерекелік мәдени ортаны дамытуға ықпал етеді.



