Демалыс

Алып жапырақтар, өрмекші әлемі және ерекше трюктер: Cirque du Soleil Астанадағы шоуының құпияларын ашты

Әлемге әйгілі Cirque du Soleil циркінің OVO шоуы Қазақстандағы премьерасына санаулы сағат қалғанда журналистер үшін сахна сыртындағы құпия әлемінің есігін ашты.

3 маусым күні БАҚ өкілдері көрермендер үшін жабық болатын кеңістікке еніп, әлемнің түкпір-түкпірін бағындырған қойылымның қалай дайындалатынын өз көздерімен көрді. Репетициялар, декорациялар, ерекше трюктер мен жанды музыканың жасалу процесі алғаш рет көрсетілді.

OVO шоуының басты ерекшеліктерінің бірі – жәндіктер әлемінен шабыт алған алып сахналық декорациялар. Бір сәтте ну орманға, келесі сәтте жұмбақ үңгірге айналатын сахна көрерменді қиял әлеміне жетелейді.

Қойылымдағы ең әсерлі нысан – ені 19,5 метр, биіктігі 9 метр болатын алып қабырға. Әртістер оның үстіне өрмелеп шығып, ішінде жоғалып кетеді, ал құрылымның өзі акробатикалық трюктерге арналған көпфункциялы алаң ретінде пайдаланылады.

OVO шоуының әртісі Светлана Делустың айтуынша, дәл осы алып қабырға қойылымды әлемдегі өзге шоулардан ерекшелендіреді.

«Мен өз нөмірімде қабырғаға төңкеріліп өрмелеймін. Сол кезде басқа әртістер батуттан секіріп, дәл астымда күрделі трюктер орындайды. Мұндай көріністі әлемнің ешбір жерінен көре алмайсыз», – дейді ол.

Шоуда тек акробаттар ғана емес, музыканттар да маңызды рөл атқарады. Қойылым барысында жеті музыкант пен вокалист жанды дауыста өнер көрсетеді. Музыкада бразилиялық самба мен босса-нованың әуендері заманауи электронды ырғақтармен үйлескен.

Ең қызығы – композитор Берна Сеппас жәндіктердің шынайы дыбыстарын жазып алып, оларды музыкалық композицияларға енгізген. Нәтижесінде көрермен өзін алып жәндіктер мекендейтін ғажайып әлемнің ішінде жүргендей сезінеді.

OVO – Cirque du Soleil-дің ең танымал қойылымдарының бірі. Оны әлем бойынша 10 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Театр, музыка, акробатика және визуалды өнерді біріктіретін шоу балаларға да, ересектерге де қызықты.

Астанадағы көрсетілімдер 4-7 маусым аралығында Barys Arena-да өтеді. Одан кейін шоу алғаш рет Алматыға барып, 11-14 маусым күндері Almaty Arena сахнасында көрерменге жол тартады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button