Спорт

Жаз бойы қала тұрғындары ашық аспан астында жаттыға алады

Елорда тұрғындары жазды белсенді өткізуге мүмкіндік алады. 6 маусымнан бастап Астанада «Өзіңнен баста» атты тегін әлеуметтік-спорттық жоба өз жұмысын бастайды.

Жоба төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр және осы уақыт ішінде мыңдаған адамның тұрақты түрде спортпен айналысуына ықпал етті. Былтыр ғана бастамаға 5 мыңнан астам адам қатысқан.

Биылғы жаттығулар тамыз айының соңына дейін Триатлон саябағы мен Ботаникалық бақта өтеді. Қатысу үшін арнайы дайындықтың немесе спорттық тәжірибенің қажеті жоқ. Ұйымдастырушылар барлық жастағы тұрғындарды тегін жаттығуларға шақырады.

Қатысушыларды функционалдық жаттығулар, воркаут элементтері, жалпы дене дайындығына арналған сабақтар және кәсіби спортшылармен кездесулер күтеді. Сонымен қатар жастарға мотивация беретін қоғам қайраткерлері мен пікір көшбасшылары да жоба аясында арнайы қонақ болады.

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері жобаның басты мақсаты – тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу және жастар арасында спорт мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті.

«Өзгеріс әрқашан адамның өзінен басталады. Сондықтан жобаның атауы да оның негізгі идеясын айқын көрсетеді – «Өзіңнен баста»», – дейді ұйымдастырушылар.

Жобаның салтанатты ашылуы 6 маусым күні сағат 18:00-де Триатлон саябағындағы «Арқар» көпірінің астында өтеді.

Жаттығу кестесі:

📍 Триатлон саябағы («Арқар» көпірінің асты)
• Сейсенбі – 19:00-20:00
• Бейсенбі – 19:00-20:00
• Сенбі – 19:00-20:00

📍 Ботаникалық бақ
• Дүйсенбі – 19:00-20:00
• Сәрсенбі – 19:00-20:00
• Жұма – 19:00-20:00

Жаз бойы өтетін жоба аясында кез келген астаналық ашық аспан астында тегін жаттығып, жаңа таныстар тауып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button