Астана таеквондоның халықаралық орталығына айналуда: жүлде қоры да, рейтингтік ұпайлар да сарапқа салынады
Алдағы күндері елордада бірден екі халықаралық таеквондо турнирі өтеді. Әлемдік федерация өкілдері Қазақстанды бұл спорт түрінің жаңа даму нүктелерінің бірі деп бағалап отыр.
Астанада Алтай одағы чемпионаты мен Kazakhstan Open халықаралық турнирлеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Қазақстан таеквондо (WT) федерациясы өкілдерінің айтуынша, мұндай жарыстар қазақстандық спортшыларға халықаралық деңгейдегі тәжірибе жинап, әлемнің үздік таеквондошыларымен бақ сынауға мүмкіндік береді.
World Taekwondo президенті доктор Чунгвон Чо Қазақстанның ірі халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізу тәжірибесін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, осы тәжірибенің арқасында елімізге Гран-при финалы мен 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу сеніп тапсырылған.
22–23 маусымда Астанада алғаш рет Алтай одағының чемпионаты өтеді. Командалық есепте жеңімпаздарға 30 мың АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қоры үлестіріледі.
Ал 25-27 маусым аралығында жастар, жасөспірімдер және ересектер арасында Kazakhstan Open халықаралық рейтингтік турнирі ұйымдастырылады. Ересектер санатындағы жүлдегерлерге ақшалай сыйақы қарастырылған.
Федерация мәліметінше, екі жарыс та әлемдік деңгейдегі додаларға дайындықтың маңызды кезеңіне айналады.



