Мәдениет
Екі онжылдыққа жуық үзілістен кейін «Қан мен тер» қойылымы қайта сахналанды
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы желісімен қойылған жаңа спектакльдің премьерасы өтті. Бұл шығарма театр сахнасында соңғы рет 2007 жылы әйгілі режиссер Әзербайжан Мәмбетовтің қойылымымен ұсынылған еді. Араға 20 жылға жуық уақыт салып, спектакль жаңа шығармашылық көзқараспен қайта сахналанды.
Қойылым қазақ әдебиетінің ең ірі туындыларының біріне жаңа тыныс беріп, Еламан, Ақбала, Тәңірберген тағдырлары арқылы әділдік, билік, махаббат, сатқындық пен адамдық таңдау тақырыптарын бүгінгі күнмен сабақтастыра жеткізеді.
Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов, инсценировка авторы – Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов. Премьера театрдың 35-маусымын қорытындылаған маңызды мәдени оқиғалардың біріне айналып, араға екі онжылдыққа жуық уақыт салып көрерменге қайта жол тартқан «Қан мен тердің» жаңа кезеңін ашты.



