Ойын аяқталды, бірақ жанкүйерлер тарамады. Неге?

Елордадағы «Астана Арена» стадионында өткен Қазақстан Премьер-лигасының «Астана» мен «Жеңіс» клубтары арасындағы матч көрермендерге тек тартысты футбол ғана емес, ерекше экологиялық бастаманы да сыйлады.
Кездесудің басты кейіпкерлерінің бірі – тазалықтың символына айналған Тазабек маскоты болды. Ол ойын басталар алдында футболшылармен бірге алаңға шығып, жанкүйерлермен амандасып, трибунадағы көрермендердің көңілін көтерді. Көпшілік Тазабекпен суретке түсіп, ерекше атмосфераның куәсі болды.
Матч аяқталған соң мерекелік көңіл күй игі іске ұласты. Жанкүйерлер стадион трибуналарында қалған қоқысты жинап, экологиялық акцияға белсенді қатысты. Осылайша олар спорт мәдениеті тек жанкүйер болумен шектелмей, айналаны таза ұстаудан да басталатынын көрсетті.
Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға үндейтінін атап өтті.
Футболдағы жеңіс пен жеңілістен бөлек, бұл күні тазалық та өз жеңісін тойлады.



