Демалыс

Астанада ақындар ашық аспан астында жыр оқиды

Қала күні қарсаңында Астанада жыр сүйер қауымның басын қосатын ерекше әдеби кеш ұйымдастырылады. 3 шілде күні сағат 18:00-де Қаламгерлер аллеясында «Есілдің ерке самалы» атты поэзия кеші өтеді.

Іс-шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Кештің басты мақсаты – қазақ поэзиясын кеңінен насихаттау, ұлттық әдебиеттің рухани құндылықтарын дәріптеу, ақын мен оқырман арасындағы шығармашылық байланысты нығайту және елорданың мәдени өмірін мазмұнды әдеби жобалармен толықтыру.

Поэзия кешіне Қазақстан Жазушылар одағының ақын-жазушылары қатысып, өздерінің жаңа және көпшілікке танымал өлеңдерін оқиды. Көрермендер заманауи қазақ поэзиясының тынысымен танысып, қаламгерлермен еркін форматта жүздесуге мүмкіндік алады.

Бағдарлама аясында жыр оқу, әдеби сұхбаттар, шығармашылық әңгімелер мен еркін пікір алмасу ұйымдастырылады. Мұндай формат поэзияны тек тыңдап қана қоймай, ақындардың шығармашылық әлеміне жақынырақ үңілуге мүмкіндік береді.

«Есілдің ерке самалы» – сөз өнерін қадірлейтін жандарды бір алаңға тоғыстырып, поэзияның құдіретін сезіндіретін ерекше рухани кеш болмақ.

Поэзия кеші 3 шілде күні сағат 18:00-де Астана қаласындағы Қаламгерлер аллеясында өтеді. Ұйымдастырушылар әдебиетке қызығатын қала тұрғындары мен қонақтарын жыр кешіне қатысуға шақырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button