Арбатта үш күн бойы ән шырқалып, викториналар өтеді
4–6 шілде аралығында Астанадағы қалалық Арбат алаңы мәдениет пен шығармашылықтың орталығына айналады. Осы күндері мұнда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Саз самалы» мәдени-демалыс жобасы өтеді.

Жоба демалыс күндерін қызықты әрі мазмұнды өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, ұлттық мәдениетті, қазақ тілін дәріптеуге және шығармашылық белсенділікті арттыруға бағытталған.
Үш күн бойы Арбатқа келген қонақтарды түрлі мәдени-танымдық бағдарламалар күтеді. Ашық алаңда жанды музыка шырқалып, қазақша еркін ән орындауға арналған арнайы алаң жұмыс істейді. Сонымен қатар әдеби-танымдық викториналар, логикалық ойындар, мақал-мәтел сайыстары мен көпшілікке арналған интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба әр жастағы тұрғындарға арналған. Келушілер тек көрермен болып қана қоймай, түрлі ойындар мен сайыстарға қатысып, өз өнері мен білімін сынай алады.
Ашық аспан астында өтетін «Саз самалы» жобасы қала күні қарсаңындағы мерекелік атмосфераны толықтырып, тұрғындар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлауды мақсат етеді.



