Мәдениет

Есіл жағасында жыр қалықтады: Астанада «Есілдің ерке толқыны» поэзия кеші өтті

Астана күні қарсаңында елорданың рухани өміріне ерекше сән берген әдеби кеш өтті. Қаламгерлер аллеясында ұйымдастырылған «Есілдің ерке толқыны» поэзия кешіне белгілі ақындар, өнерсүйер қауым және қала тұрғындары жиналып, қазақ поэзиясының көркем әлеміне бірге саяхат жасады.

Астана күні қарсаңында елорданың рухани өміріне ерекше сән берген әдеби кеш өтті. Қаламгерлер аллеясында ұйымдастырылған «Есілдің ерке толқыны» поэзия кешіне белгілі ақындар, өнерсүйер қауым және қала тұрғындары жиналып, қазақ поэзиясының көркем әлеміне бірге саяхат жасады.

Кешті Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ поэзиясын кеңінен насихаттау, ұлттық әдебиеттің рухани құндылықтарын дәріптеу, ақын мен оқырман арасындағы байланысты нығайту және елорданың мәдени өмірін мазмұнды әдеби жобалармен толықтыру.

Әдеби-сазды кеш халық әні «Дудараймен» ашылып, көрерменді ерекше атмосфераға бөледі. Ашылу салтанатында ұйымдастырушылар жиналған қауымды Астана күнімен құттықтап, поэзияның қоғамдағы орны мен сөз өнерінің құдіретіне тоқталды.

Кеш барысында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері мен жас буын ақындары сахнаға көтеріліп, жүректен шыққан жырларын оқыды. Олардың қатарында Ғалым Жайлыбай, Әбжан Әбілтай, Мұхарбек Жәкейұлы, Мақпал Мыса, Толқын Қабылша, Ұмтыл Зарыққан, Батырхан Сәрсенхан, Сәнді Ақылай, Асантемір Қаршығаұлы, Олжас Сәндібек, Айжан Тәбараққызы, Саян Есжан, Мәрлен Ғилымхан және басқа да қаламгерлер болды.

Ақындар туған жер, елдік, уақыт, махаббат, адам болмысы мен өмірдің мәні туралы жырларымен қатар, елорданың өсіп-өркендеуіне, оның тарихы мен бүгінгі келбетіне арналған Астана күніне арналған өлеңдерін оқып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Әрбір жыр оқылымынан кейін көрерменнің ыстық ықыласы мен ұзақ қол шапалағы кештің рухани әсерін айқындай түсті.

Поэзия кеші тек өлең оқумен шектелген жоқ. Әр бірнеше ақынның өнерінен кейін сахна төрінде сыбызғышы Шөкенов Темірлан Қанатұлы мен қобызшы Ғайса Тоғжан Ғайсақызы өнер көрсетіп, ұлттық музыка мен поэзияның үйлесімі кештің көркемдік мазмұнын байыта түсті. Әдебиет пен әуеннің үндестігі Қаламгерлер аллеясын бір сәтке үлкен рухани кеңістікке айналдырды.

Бағдарламаның ерекше бөлімдерінің бірі – «Еркін микрофон – Еркін жүрек» алаңы болды. Бұл жерде көрермендер арасынан шыққан жырсүйер азаматтар өз өлеңдерін оқып, кәсіби ақындармен бір сахнада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Мұндай еркін формат әдебиетке жақын жандардың басын қосып, поэзияның халықпен етене екенін тағы бір мәрте көрсетті.

«Есілдің ерке толқыны» поэзия кеші қазақ сөз өнерінің өміршеңдігін, ақын мен оқырман арасындағы рухани байланысты және ұлттық әдебиеттің қоғамдағы маңызын айшықтай түсті. Астана күні аясында өткен бұл әдеби-сазды кеш қатысушыларға әсерлі сәттер сыйлап, елорданың мәдени өміріндегі есте қаларлық рухани шаралардың біріне айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button