Спорт

Астанада мың бала неге жүгіріп жүр?

Астана күніне орай елорданың Орталық саябағында KIDS RUN балалар жарысы өтті. Биыл жүгіруге 6 мен 15 жас аралығындағы 1000 бала қатысып, жобаға қызығушылықтың айтарлықтай артқанын көрсетті.

Астана күніне орай Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында KIDS RUN балалар жүгіру жарысы ұйымдастырылды.

Жарысқа 6 мен 15 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар қатысты. Жас ерекшеліктеріне қарай олар 300, 500 және 1000 метр қашықтықта бақ сынады.

Қалалық спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, жобаға деген қызығушылық артып келеді.

«Өздеріңіз білетіндей, биыл 1 маусым күні де осындай жарыс ұйымдастырған едік. Сол кезде 500 қатысушы тіркеліп, ата-аналар балалар санын көбейтуді сұрады. Соның нәтижесінде бұл жолы қатысушылар санын 1000-ға дейін арттыру туралы шешім қабылдадық. Онлайн тіркеу ашылғаннан кейін барлық слот небәрі бір жарым күнде толды. Алдағы уақытта да балаларға арналған іс-шараларды тұрақты өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Ержігіт Өсербай.

Жеңімпаздар әр жас санатында (6–7, 8–9, 10–11, 12–13 және 14–15 жас) ұлдар мен қыздар арасында жеке анықталды.

Жарыс жеңімпаздарының бірі, 11 жастағы Юлиана Дмитриева бұл сайысқа спорттық дайындығын сынау үшін қатысқанын айтты.

«Мен бір жылдан бері жеңіл атлетика үйірмесіне қатысамын. Осы уақыт ішінде жинаған тәжірибемді сынап көргім келді. Бүгін 500 метр қашықтықта бірінші болып мәреге жеткеніме өте қуаныштымын. Жеңіске жетуіме ата-анамның қолдауы да үлкен әсер етті. Осындай мерекелік атмосферада жарысқа қатысу ерекше әсер сыйлады», – деді ол.

Айта кетейік, KIDS RUN жобасы балалардың дене белсенділігін арттыруға, спорт мәдениетін қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button