Астанада алғаш рет Astana Pop Up Store фестивалі өтеді
11-12 шілде күндері Астанада алғаш рет Astana Pop Up Store фестивалі өтеді. Іс-шарада 50-ден астам қазақстандық бренд өз өнімдерін ұсынып, қонақтарды дизайн маркеті, гастроаймақ және концерттік бағдарламамен қарсы алады.
11-12 шілде күндері Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында алғаш рет Astana Pop Up Store фестивалі өтеді.
Екі күн бойы Қазақстанның әр өңірінен келген 50-ден астам жергілікті бренд киім, аксессуарлар, әшекей бұйымдары, косметика, үйге арналған тауарлар, интерьер заттары мен авторлық жобаларын ұсынады.
Жоба бұған дейін Алматыда табысты өткен Almaty Pop Up Store командасының бастамасымен жүзеге асырылып отыр. Оның басты мақсаты – қазақстандық брендтерді қолдап, олардың жаңа аудиторияға шығуына мүмкіндік жасау.
«Бүгінде жергілікті брендтер Қазақстанның жаңа мәдени және экономикалық келбетін қалыптастырып жатыр. Өнім сапасы, дизайн деңгейі және кәсіпкерлердің батыл идеялары айтарлықтай өсіп келеді. Astana Pop Up Store – осының бәрін біріктіретін орта», — деді жобаның тең құрылтайшысы Мәдина Аман.
Фестиваль аясында дизайн маркетімен қатар гастроаймақ, серіктестердің арнайы жобалары және музыкалық бағдарлама ұйымдастырылады. Бас сахнада Moldanazar, Asiya, Torearyq, Yez және Oyeleye өнер көрсетеді.
Сондай-ақ қонақтар дизайнерлік киімдер мен әшекейлерден бөлек, биоинженерлер мен өнеркәсіптік дизайнерлердің экологиялық материалдардан жасалған тың жобаларымен таныса алады. Олардың қатарында балдырдан жасалған былғары мен саңырауқұлақ негізіндегі көбік материалынан әзірленген өнімдер бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Astana Pop Up Store жергілікті бизнесті қолдауға, қазақстандық брендтердің танымалдылығын арттыруға және заманауи тұтыну мәдениетін дамытуға бағытталған.
Өтетін уақыты: 11-12 шілде, 11:00-20:00.
Өтетін орны: Бейбітшілік және келісім сарайы (Тәуелсіздік даңғылы, 57).



