Демалыс

Қостанайдың үздік шеберлері Астанаға келеді: Creative Aimaq жәрмеңкесінде не көруге болады?

11-12 шілде күндері Астанада шығармашылық пен ұлттық мұраны тоғыстырған ерекше іс-шара – KOSTANAY CREATIVE CULTURE креативті жәрмеңкесі өтеді. Шара республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Qazaq Creative Hub алаңында ұйымдастырылады.

Екі күн бойы елорда тұрғындары мен қонақтары Қостанай облысының шығармашылық әлеуетімен танысып, жергілікті шеберлердің авторлық жұмыстарын тамашалап қана қоймай, оларды тікелей авторларынан сатып ала алады.

Көрмеде халық қолөнері, ұлттық нақыштағы сән үлгілері, дизайнерлік киімдер, зергерлік әшекейлер, этнобрендтердің өнімдері, суретшілер мен қолөнершілердің туындылары, сондай-ақ өңірдің жас ғалымдары мен студенттері әзірлеген инновациялық жобалар ұсынылады.

Бағдарлама тек көрмемен шектелмейді. Қонақтарды Қостанай дизайнерлерінің этно-дефилесі, тарихи экспозициялар, Нью-Йорктегі халықаралық MobFilm Festival финалисі атанған «Қалам» мобильді фильмінің көрсетілімі, сондай-ақ автокөлік жасау және цифрлық технологиялар саласындағы тың жобалардың таныстырылымы күтеді.

Ұлттық мәдениетке қызығушылар үшін де ерекше бағдарламалар әзірленген. Келушілер қазақтың тарихи тұлғаларына арналған көрмені аралап, сирек кездесетін атаулы домбыралар мен ұлттық музыкалық аспаптарды көре алады. Сонымен қатар «Алтын домбыра» экспозициясы ұсынылып, аңызға айналған «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетеді.

Жәрмеңкенің тағы бір ерекшелігі – интерактивті шеберлік сабақтары. Тәжірибелі қолөнершілер зергерлік өнер, ағаш және былғары өңдеу, киіз басу, керамика жасау, ұлттық ою-өрнек дайындау және сәндік-қолданбалы өнердің басқа да бағыттары бойынша тегін шеберлік сағаттарын өткізеді. Қатысушылар дәстүрлі технологияларды меңгеріп қана қоймай, өз қолдарымен ерекше бұйым жасап көруге мүмкіндік алады.

Creative Aimaq жобасы еліміздің өңірлеріндегі креативті индустрияларды дамытуға, отандық брендтерді қолдауға және Қазақстанның мәдени әлеуетін кеңінен насихаттауға бағытталған.

Іс-шараның өтетін уақыты мен орны:

  • Күні: 11–12 шілде 2026 жыл
  • Уақыты: 10:00–19:00
  • Өтетін орны: Qazaq Creative Hub, Астана қаласы, Жошы хан көшесі, 16/2.

Егер демалыс күндерін мазмұнды өткізгіңіз келсе, ұлттық өнер, заманауи дизайн және инновация тоғысқан бұл жәрмеңке – баруға тұрарлық орындардың бірі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button