Демалыс

Алтын Орда мұрасы Астанаға келеді: көрме, сән көрсетілімі және концерт

18-19 шілде күндері Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңы ұлттық өнер мен заманауи креативті индустрияны тоғыстыратын ерекше мәдени кеңістікке айналады. Мұнда республикалық Creative Aimaq жобасы аясында «Алтын Орданың мұрасы: Ұлы даладан туған өнер» атты көрме-жәрмеңке ұйымдастырылады.

Екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтары Ұлытау өңірінің бай мәдени мұрасымен танысып, авторлық зергерлік бұйымдарды, ұлттық қолөнер туындыларын, кескіндеме жұмыстарын, құрақ көрпелерді және Ethno Fashion топтамаларын тамашалай алады. Көрмеде ұсынылған бірегей бұйымдарды сатып алуға да мүмкіндік бар.

Бағдарлама көрмемен ғана шектелмейді. Қонақтарды былғары өңдеу, ағаш ою, ұсталық өнер, ұлттық музыкалық аспап жасау, зергерлік және сәндік-қолданбалы өнер бойынша тегін шеберлік сабақтары күтеді. Сонымен қатар белгілі дизайнерлер, суретшілер мен қолөнершілер қатысатын шығармашылық кездесулер мен жаңа топтамалардың таныстырылымдары өтеді.

Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – Ethno Fashion Show. Онда қазақстандық дизайнерлер Ұлы дала өркениеті мен Алтын Орда дәуірінен шабыт алған жаңа сән топтамаларын ұсынады. Ал алғашқы күннің кеші Jez Acoustic Band тобының жанды концертімен аяқталады.

Creative Aimaq жобасының мақсаты – өңірлердің шығармашылық әлеуетін танытып, қазақстандық брендтер мен креативті кәсіпкерлерді қолдау. Бұл жолы көрме келушілерге тарихты жаңа қырынан танытып қана қоймай, ұлттық өнердің бүгінгі заманмен қалай үндесіп жатқанын көрсетуге мүмкіндік береді.

Өтетін уақыты: 18-19 шілде, сағат 10:00-19:00. Кіру тегін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button