«Өлең аялдамасы» жобасы: бүгін поэзия қала көшелерін аралады
Астанада Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Өлең аялдамасы» атты әдеби-мәдени жоба өтті.
Жоба аясында қала тұрғындары мен қонақтары қоғамдық орындарда күтпеген форматтағы поэзиялық перформансты тамашалады. Кәсіби актерлер жолаушылар мен келушілердің арасынан шығып, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов және өзге де қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Әдеби акция Tarlan Astana метросында, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында, «Бәйтерек» монументі маңында, «Хан Шатыр» СОО мен Damu Mall сауда орталығында ұйымдастырылды.
Бағдарлама аясында қатысушылар «Өлеңді жалғастыр» интерактивіне қатысып, қазақ әдебиетіне арналған викторина сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ көпшілік өздерінің сүйікті өлеңдерін оқып, әдеби орта қалыптастыруға үлес қосты. Белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Жобаның басты мақсаты – қоғамдық кеңістіктерде қазақ поэзиясын кеңінен насихаттау, әдебиетке қызығушылықты арттыру және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу.



