Шығыс Қазақстан шақырады: көрмеге кел де, тегін жолдама ұтып ал!
Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Шығыс Қазақстан облысының Creative AIMAQ креатив индустриялар жәрмеңкесі өтіп жатыр. Екі күн бойы елорда тұрғындары мен қонақтары өңірдің қолөнер шеберлерінің, дизайнерлерінің, IT-мамандарының, суретшілерінің және медиа өкілдерінің жұмыстарымен танысып, шеберлік сабақтарына, балалар подкаст студиясына қатысып, бағалы сыйлықтар ұтысына қатыса алады.
Астанада Шығыс Қазақстан облысының Creative AIMAQ креатив индустриялар жәрмеңкесі басталды. Qazaq Creative Hub алаңында өңірдің дәстүрлі қолөнері мен заманауи шығармашылық бағыттарын біріктірген ондаған жобасын көпшілік назарына ұсынды.
Көрмеге 44 креатив кәсіпкер қатысып отыр. Музыканттар, әртістер мен ұйымдастырушыларды қоса есептегенде елордаға келген делегацияның жалпы саны 90 адамға жуық. Қонақтар суретшілердің туындыларын, дизайнерлік киімдерді, былғары және киіз бұйымдарын, музыкалық аспаптарды, заманауи өнер жұмыстарын, сондай-ақ өңірдің IT-жобаларын тамашалай алады.
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы директорының орынбасары Нұрлан Серікбаевтың айтуынша, жәрмеңке өңірдің креативті әлеуетін жан-жақты көрсетуге мүмкіндік береді.
«Бүгін Creative AIMAQ жобасы аясында Шығыс Қазақстанның шығармашылық әлеуетін елорда тұрғындарына ұсынып отырмыз. Келушілер көрмені тегін тамашалап қана қоймай, шеберлердің туындыларын сатып ала алады. Сонымен қатар арнайы тіркеліп, Шығыс Қазақстанға жолдама ұтып алу мүмкіндігіне ие болады», – деді Нұрлан Серікбаев.
Көрменің басты ерекшеліктерінің бірі – дәстүрлі қолөнермен қатар заманауи медиа және цифрлық жобалардың ұсынылуы.
«Бүгінде креатив индустриясы тек қолөнермен шектелмейді. Өңірде блогерлер, жеке киностудиялар, продакшн орталықтары, туризм мен ивент саласына маманданған медиа жобалар қарқынды дамып келеді. Мұның барлығы қазіргі креативті экономиканың маңызды бөлігі», – деді спикер.
Жәрмеңкедегі ерекше жобалардың бірі – балалар подкаст студиясы. Оны театр режиссері Әлия Көңілханның SAMGA шығармашылық бірлестігі жүзеге асырып келеді. Жоба аясында балалар түрлі қонақтармен сұхбат жүргізіп, өздерінің YouTube арнасын дамытып жүр.
«SAMGA – шығармашылықтың табысты жобаға айнала алатынының жақсы үлгісі. Олар спектакльдерін түрлі қалаларда қойып, билеттерін сатып, медиа бағытты қатар дамытып келеді. Бұл – креатив индустриясының коммерциялық әлеуетінің нақты көрінісі», – деді Нұрлан Серікбаев.
Жәрмеңке барысында былғарымен және киізбен жұмыс істеу, fashion-фотография, әдеби шығармашылық, кескіндеме және тоқыма өнері бойынша шеберлік сабақтары, өңірдің IT-жобаларының таныстырылымы, SAMGA балалар театрының қойылымы және музыканттардың концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып жатыр.
Мекен-жайы: Жошы хан көшесі 16/1
Кіру тегін.



