Әлемнің үздік киберспорт клубтары Астанаға жиналып жатыр
Астана халықаралық деңгейдегі ең ірі спорттық оқиғалардың бірін қабылдауға дайын. 29 шілде мен 9 тамыз аралығында елордада өтетін «Болашақ ойындары – 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna турниріне әлемнің түкпір-түкпірінен атақты фиджитал және киберспорт командалары келе бастады.
Алғашқылардың бірі болып елордаға Phygital Basketball бағытының қатысушылары жетті. Олардың қатарында Еуропа мен Латын Америкасының мықты клубтары, соның ішінде Аргентинаның әйгілі Boca Juniors командасы да бар. Бұл клуб тек футболдағы жетістіктерімен ғана емес, баскетбол мен фиджитал спорттағы жоғары нәтижелерімен де танымал.
Алдағы күндері Астанаға киберспорт әлемінің ең жарқын жұлдыздары – Team Spirit, Team Falcons, T1, Xtreme Gaming, Vici Gaming, Bigetron by Vitality, Aurora Gaming, The MongolZ, Twisted Minds, 17 Gaming және басқа да танымал ұжымдар келеді.
Жарысқа 50-ден астам елден 800-ден астам спортшы қатысады. Олар сегіз түрлі дисциплина бойынша бақ сынап, цифрлық ойындар мен дәстүрлі спортты біріктіретін ерекше фиджитал форматта өнер көрсетеді. Бағдарламада Dota 2, MLBB, PUBG: BATTLEGROUNDS, Counter-Strike 2, фиджитал футбол, баскетбол, жекпе-жек және би сайыстары бар.
Қазір елордадағы спорт нысандарында соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Турнир кезінде жанкүйерлерді жарыстармен қатар интерактивті аймақтар, заманауи технологиялар және ерекше шоу-бағдарламалар күтеді.
Бұл – қазақстандық жанкүйерлер үшін әлемдік киберспорт жұлдыздарын өз көздерімен көруге берілген бірегей мүмкіндік. Бұған дейін тек халықаралық трансляциялардан көрген командалар енді Астана ареналарында тікелей өнер көрсетеді.
«Болашақ ойындары – 2026» 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Турнир билеттері Freedom Ticketon платформасы мен Freedom SuperApp мобильді қосымшасында сатылымда.



