Спорт

Бас қала күрес түрлерінен әлем чемпионатына дайындалып жатыр

Астанада 24 қазан мен 1 қараша аралығында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Халықаралық додаға әлемнің 100-ден астам елінен 1000-ға жуық спортшы қатысады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді.

Жарыс елордадағы «Барыс Аренада» ұйымдастырылады. Спортшылар грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша барлығы 30 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Әр күрес түрінен 10 салмақ санатында жүлделер сарапқа салынады.

Чемпионатты өткізуге Қазақстанның Күрес федерациясы, Туризм және спорт министрлігі және Астана қаласының әкімдігі бірлесіп дайындалып жатыр. Қазір жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Шетелдік спортшылар мен делегация мүшелерін орналастыру үшін елордадағы 11 қонақүй қарастырылған. Ұйымдастырушылар спорт нысандарының халықаралық талаптарға сай болуына, сондай-ақ қатысушылар мен көрермендерге қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріп отыр.

Вице-министрдің айтуынша, Астана бұған дейін де ірі халықаралық спорттық жарыстарды өткізу тәжірибесіне ие. Сондықтан алдағы әлем чемпионатын да жоғары деңгейде ұйымдастыру жоспарланған.

Күрес түрлерінен әлем чемпионаты елордада өтетін маңызды халықаралық спорттық шаралардың біріне айналмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button