300 балаға мектепке қажетті құралдар табысталды

Астанада жаңа оқу жылы қарсаңында 300 балаға мектепке қажетті оқу құралдары табысталды. Қайырымдылық шарасы «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараны «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры «R Finance» микроқаржы ұйымымен бірлесіп өткізді. Қолдау ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған, аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасыларға көрсетілді.
Балаларға жас ерекшелігіне қарай үш түрлі жиынтық дайындалған. Оның ішінде мектеп сөмкесі мен қажетті кеңсе тауарлары бар.
«R Finance» акцияға биыл екінші рет қатысып отыр. Өткен жылы компания 100 балаға көмек көрсетсе, биыл бұл көрсеткіш 300 балаға дейін артқан.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, мұндай әлеуметтік бастамалар ата-аналардың оқу жылына дайындалу шығындарын азайтып, балалардың мектепке қажетті құралдармен баруына мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылар «Мектепке жол» акциясы аясындағы қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.



