Астанада алғаш рет Тазы күні атап өтілді
Астананың Арбатында алғаш рет Қазақы тазы күніне арналған арнайы іс-шара өтті. Тұрғындарға ұлттық ит тұқымының тарихы, аңшылық қабілеті мен ерекшеліктері таныстырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Биылдан бастап 3 қыркүйек – Қазақы тазы күні ретінде атап өтіледі. Шара барысында тазы иелері ұлттық тұқымның жүйріктігі, төзімділігі және аңшылық қасиеті туралы айтып берді.
Астана маңындағы Арайлы ауылының тұрғыны, тазы өсіруші Аян Досымановтың айтуынша, қазақы тазыны баптау үлкен еңбекті қажет етеді. Тұқымның ерекшеліктерін сақтау үшін оны үнемі жаттықтырып, жүгіртіп отыру керек.
«Атадан қалған мұраны жалғастырып келеміз. Тазы – жеті қазынаның бірі. Оның аңға деген қабілеті, жүйріктігі, бітімі мен сабырлылығы – қаннан берілетін қасиет. Қазір үйімде 10 тазы бар. Жалпы осы уақытқа дейін 30-ға тарта тазы баптадым», – деді Аян Досыманов.
Оның сөзінше, тазыларды арнайы жаттықтырып, күз, қыс және көктем мезгілдерінде көп жүгіртеді. Ал аңшылыққа үйрету жұмысы тазы бес айға толғаннан кейін басталады.
Ұлттық тұқымды халықаралық деңгейде танытуға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Астанадағы «ASYL QAZYNA»ұйымының төрағасы Серік Алтаев қазақы тазылардың түрлі жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап жүргенін айтты.
«Өзім 15 жасымнан бастап тазы асырап келемін. Қазір 14 тазы баптап отырмын. Қазақы тазы аң аулауда, аңшымен қатар жүруде өзге елдердің тұқымдарынан ерекшеленеді. Биыл Астанада тазылар арасында түрлі жарыстар өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Серік Алтаев.
Айта кетейік, 2024 жылғы 3 қыркүйекте Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазысын алдын ала негізде танып, оған №372 тұқым стандартын бекітті. Қазақстан қазақы тазының шыққан елі ретінде көрсетілді.
Осы тарихи датаға байланысты 3 қыркүйек биылдан бастап Қазақы тазы күні ретінде атап өтіле бастады.



