
4 қыркүйекте Джорджа Мелони басқаратын Италия Үкіметі үздіксіз жұмыс істегеніне 1 413 күн толып, бұл көрсеткіш бойынша Сильвио Берлускони басқарған екінші Үкіметтің рекордын жаңартты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониді оның Үкіметінің Италия Республикасының тарихындағы ең ұзақ жұмыс істеген Үкімет атануымен құттықтады.
Мемлекет басшысы бұл туралы әлеуметтік желідегі Х парақшасында жазды.
«Италия Республикасының тарихындағы ең ұзақ жұмыс істеген Үкімет атануыңызға байланысты Премьер-министр Джорджа Мелониге шын жүректен құттықтауымды жолдаймын. Сіздің парасатты әрі мықты көшбасшылығыңыз, Италияның ұлттық мүдделері мен қадір-қасиетін қорғауға деген дәйекті ұстанымыңыз елдегі экономикалық өсімді сақтап, оның халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға ықпал етті.
Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен стратегиялық әріптестікті тереңдетуге қосқан жеке үлесіңізді жоғары бағалаймын және өзара тығыз ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастыруға ниеттімін.
Премьер-министр Мелониге жауапты қызметінде зор табыс, сондай-ақ Италияның өркендеуі мен дамуына бағытталған жұмысына сәттілік тілеймін», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.



