Астанада зейнеткерлер үшін жаз бойғы би кештері аяқталды

Астанадағы «Жетісу» саябағында аға буын өкілдеріне арналған «Жадыраған жаз» би кештерінің маусымдық қорытындысы өтті.
Жаз бойы ұйымдастырылған 15 кешке зейнеткерлер қатысып, ретро әндерге билеп, достарымен жүздесіп, уақыттарын көңілді өткізді. Жоба аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қолдауға, олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға және адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.
Қорытынды кеште қазақ және шетелдік ретро әндер шырқалып, би топтары өнер көрсетті. Бағдарлама флэшмобпен басталып, вокалдық және би қойылымдарымен жалғасты. Қатысушылар да ән айтып, биге қосылып, кештің белсенді көрерменіне айналды.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыровтың айтуынша, би кештері жаз бойы тұрақты түрде өтіп, зейнеткерлер арасында жақсы дәстүр қалыптастырған.
«Апта сайын зейнеткерлеріміз «Жетісу» саябағына жиналып, көңіл көтеріп, би билеуді дәстүрге айналдырды. Жаз аяқталуы мүмкін, бірақ көңілдегі көктем ешқашан бітпесін», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жадыраған жаз» кештері аға буын өкілдеріне белсенді демалып, жастық шақтағы сүйікті әндері мен билерін қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді.



