
15-17 қазан аралығында Астанада алғаш рет жүзуден әлем кубогының кезеңі — World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 өтеді.
Биыл World Aquatics Еуразияның үш қаласын — Баку, Ташкент және Астананы әлем кубогының бірыңғай бағытына біріктірді. Тарих бойы Еуропа мен Шығыс Азияны байланыстырған Ұлы Жібек жолының құрметіне серия Silk Road Tour деп аталды.
Серияның алғашқы кезеңі 1-3 қазанда Бакуде, екіншісі 8-10 қазанда Ташкентте, ал жарыс 15-17 қазанда Астанада қорытындыланады.
Астанадағы кезеңнің бағдарламасына 34 жеке дисциплина кіреді: ерлер мен әйелдер арасында 17-ден. Сондай-ақ спортшылар ерлер, әйелдер және аралас эстафеталарда бақ сынайды.
Жарысқа әлемнің үздік жүзушілері, оның ішінде Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионаттарының медаль иегерлері және қазіргі әлем рекордшылары қатысады.
Жалпы, Silk Road Tour сериясының үш кезеңіне 50-ден астам елден 750-ден аса спортшы қатысады деп күтілуде. Серияның жалпы жүлде қоры 1,2 млн АҚШ долларын құрайды.



