Ақмарал Ерекешева Чехиядағы Grand Prix-ден бес медальмен оралды
Астаналық көркем гимнаст Ақмарал Ерекешева Чехияның Брно қаласында өткен Grand Prix Brno халықаралық турнирінде бес жүлдеге ие болды. Спортшы жарысты бір алтын және төрт күміс медальмен аяқтады.
Финалдық бәсекелерде Ақмарал төрт жаттығудың барлығында жүлдеге ілікті. Шығыршықпен орындалатын жаттығуда ол 29,150 ұпай жинап, топ жарды. Бұл – елордалық спортшының турнирдегі алғашқы алтыны.
Доппен орындалатын жаттығуда Ақмарал 28,000 ұпаймен күміс медаль алды. Ұршықпен орындалатын бағдарламада да 29,050 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтады. Ал таспамен орындалатын жаттығуды 27,600 ұпаймен аяқтап, тағы бір күміс жүлдеге қол жеткізді.
Бұған дейін астаналық гимнаст көпсайыста 116,500 ұпай жинап, күміс медаль иеленген еді. Бұл нәтиже оның жеке рекорды атанды.
Осылайша, Ақмарал Ерекешева Чехиядағы халықаралық доданы 1 алтын және 4 күміс медальменқорытындылады.
Енді спортшы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарына қатысады. Көркем гимнастика бәсекелері 1–3 қазан күндері Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді.



