Білім

11-сыныпта оқып жүріп 100 кітап оқыған Рамазанның арманы – Голливуд

№101 жалпы орта мектептің 11 «Ә» сыныбында білім алатын Рамазан Даниярұлы бүгінде 100 көркем әдебиет кітабын оқып, 200 өлеңді жатқа біледі. Ал өзі 100 авторлық өлең жазған.

Рамазан үшін кітап оқу – жай әдет емес, күнделікті өмірінің бір бөлігі. Ол шығармаларды оқып қана қоймай, мазмұнын талдап, кейіпкерлеріне өзінше баға беріп, көркем сөзбен жұмыс істейді. Жеке өлең дәптерін жүргізетін жас автор «Қобыланды батыр» жырын да толық жатқа біледі.

Әдебиетке деген қызығушылығы оның түрлі байқаулардағы жетістіктерінен де көрінеді. Республикалық «Ілияс Жансүгіров оқуларының» қалалық кезеңінде «Ілияс – қарасөз шебері» бағыты бойынша Бас жүлде алып, республикалық кезеңде III орын иеленген. Қалалық «Махамбет Өтемісұлы оқуларында» I орын, Абайдың 45 қара сөзін жатқа айту байқауында II орын, Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған ақындар сайысында II орын алған.

Сонымен қатар Мағжан Жұмабаев туралы өлең шығару мүшәйрасында II орын иеленіп, «Құтты білім» оқуларының «Сыр сандық» шешендік өнер номинациясында I дәрежелі дипломмен марапатталған. «Абай оқулары», «Ыбырай Алтынсарин оқулары» сынды әдеби-шығармашылық байқауларда да жүлделі орындардан көрініп келеді.

100 кітаппен тоқтаған жоқ. Рамазан журналистикаға да ерте қадам басты. Ол «Жас журналист – 2026» байқауында интервью және мақала бағыттарында бағын сынап, «Айбала» медиафестивалі аясындағы «Жас журналист» байқауында подкаст номинациясы бойынша II орын алды.

Рамазан болашақта актерлік өнерді кәсіби деңгейде меңгеріп, журналистика мен шығармашылықты қатар дамытқысы келеді. Ең үлкен мақсаты – халықаралық кино индустриясында Қазақстанның атынан өнер көрсету.

100 кітап, 100 авторлық өлең, 200 жатқа білетін шығарма – бұл оның бүгінгі нәтижесі. Ал Рамазанның өзі үшін бұл үлкен арманға бастайтын жолдың басы ғана.

Басқа жаңалықтар

Back to top button