«Кітап оқитын ұлт»: Parasat бағытына тіркелу басталды
Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» республикалық оқу марафоны аясында Parasat арнайы бағытына тіркелу басталды. Енді марафонға жүлде үшін бәсекеге түспей-ақ, оқу мәдениетін қолдағысы келетін кез келген адам қатыса алады.

Parasat бағыты кітап оқуды күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырған және осы мәдениетті жеке үлгісі арқылы насихаттағысы келетін азаматтарға арналған. Қатысушылар қатарында мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, ғалымдар, мәдениет және өнер өкілдері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері және басқа да оқырмандар бола алады.
Бағытқа кәсіпке, қызметке, тұрғылықты жерге немесе азаматтыққа қарамастан кез келген адам қатыса алады.
Parasat қатысушылары марафонның бірыңғай тізіміне енген 15 шығарманы оқып, әр кітап бойынша жеке кабинетінде қысқаша пікір қалдырады. Қорытынды кезеңде барлық шығарма бойынша онлайн-тестілеу өткізіледі.
Тіркелу 2026 жылғы 30 қазанға дейін жалғасады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Parasat бағытының мақсаты – кітап оқуды байқау шеңберінен шығарып, оны қоғамның күнделікті мәдениетінің бір бөлігіне айналдыру.



