«Жапырақтары жанымның»: поэзия мен өнер тоғысқан кеш
Жазушы, ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, «Парасат» орденінің иегері Камал Әлпейісованың «Жапырақтары жанымның» атты шығармашылық кеші өтті.
Музыкалық жас көрермендер театрында ұйымдастырылған мәдени шара Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өтті.
Әдебиет пен өнер тоғысқан кеште қаламгердің шығармашылық әлемі, жүрек тербейтін жырлары мен рухани құндылықтарды арқау еткен туындылары көрермен назарына ұсынылды.
Кеш шымылдығы «Арқалықтың ақ таңы» әнімен ашылып, театр әртістерінің орындауындағы туынды көрерменді ерекше әсерге бөледі. Кеш иесі Камал Әлпейісова да сахнаға шығып, өз өлеңдерін оқыды. Қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолына арналған бейнеролик арқылы оның әдебиетке қосқан үлесі мен шығармашылық ізденістері таныстырылды.
Бағдарлама барысында ақынның өлеңдеріне жазылған әндер орындалып, поэтикалық-музыкалық композициялар мен сахналық қойылымдар ұсынылды. Әр шығармадан қаламгердің туған жерге деген сүйіспеншілігі, адам жанының нәзік иірімдері, отбасы құндылықтары мен елдік мұраттарға деген құрметі айқын сезілді.
Әсіресе, «Жапырақтары жанымның» және «Ризамын, елім саған» атты поэтикалық-музыкалық композициялар кештің мазмұнын тереңдете түсті. Ақынның прозалық шығармасы негізінде әзірленген сахналық көрініс те көрерменге ерекше әсер сыйлады. Өнерпаздардың орындауындағы әндер мен театр әртістерінің көркем қойылымдары қаламгер шығармашылығының сан қырын ашты. Шараның сценарий авторы әрі қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
«Жапырақтары жанымның» кеші – қаламгердің шығармашылық мұрасын дәріптеп қана қоймай, поэзияның адам жанына әсерін, сөз өнерінің құдіретін танытқан тағылымды мәдени кездесу болды.



