Астанада көркем гимнастикадан халықаралық ALEM CUP 2026 турнирі өтеді

🤸 Астанада көркем гимнастикадан халықаралық ALEM CUP 2026 турнирі өтеді
17–18 қазанда Астанада көркем гимнастикадан жыл сайынғы ALEM CUP 2026 халықаралық турнирі өтеді. Жарыс «Qazaqstan» спорт кешенінде ұйымдастырылып, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктерінен шамамен 400 спортшыны жинайды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Екі күн бойы әртүрлі жас санатындағы және дайындық деңгейіндегі гимнастшылар өнер көрсетеді. Олардың қатарында Қазақстанның барлық өңірінен келген спортшылар бар.
«Астананың осындай ауқымды халықаралық көркем гимнастика турнирін төртінші жыл қатарынан қабылдап жатқаны біз үшін үлкен мәртебе. Былтыр жарыс Гран-при форматында өтті. Биыл бес елден, соның ішінде Қазақстанның барлық өңірінен шамамен 400 қатысушы келеді деп күтеміз. Бұл жас гимнастшылар үшін шеберлігін көрсетуге, жарыс тәжірибесін жинақтауға және халықаралық аренада өзін танытуға тамаша мүмкіндік», — деді «ALEM» халықаралық көркем гимнастика академиясының өкілі Әсем Бақытжанқызы.
Турнирдің мақсаты — көркем гимнастиканы насихаттау, болашағынан үміт күттіретін спортшыларды қолдау, олардың шеберлігін арттыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Жарыс 17 және 18 қазанда күн сайын сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін Тұран даңғылы, 59 мекенжайындағы «Qazaqstan» спорт кешенінде өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін. Турнирдің тікелей эфирі де ұйымдастырылады, сілтемесі кейінірек жарияланады.
Іс-шараны «ALEM» халықаралық көркем гимнастика академиясы Астана қаласының әкімдігі мен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізеді.



