Жүзуден әлем кубогы кезеңінде Қазақстанның алты спортшысы финалға шықты

🏊 Астанадағы жүзуден әлем кубогы кезеңінде Қазақстанның алты спортшысы финалға шықты
Астанада өтіп жатқан жүзуден әлем кубогының қорытынды кезеңінің екінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының 21 спортшысы бақ сынады. Іріктеу кезеңінің нәтижесі бойынша ұлттық құраманың алты өкілі финалға жолдама алды.
50 метрге еркін жүзу сайысында Глеб Коваленя қашықтықты 21,31 секундта жүзіп өтіп, финалға шықты. Сонымен қатар ол Қазақстанның жаңа рекордын орнатты. Спортшы екі жыл бұрын өзі тіркеген нәтижесін 0,04 секундқа жақсартты.
100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Әділбек Мусин мен Максим Сказобцов финалда өнер көрсетеді. Мусин іріктеуде 51,42 секунд нәтиже көрсетсе, Сказобцов қашықтықты 51,53 секундта жүзіп өтіп, финалға сегізінші нәтижемен жолдама алды.
200 метрге брасс әдісімен жүзуде Айбат Мырзамұратов 2 минут 7,15 секунд нәтиже көрсетіп, іріктеу кезеңінде бесінші орынға ие болды.
Егор Попов 100 метрге кешенді жүзуден 54,64 секунд нәтижемен финалға шықты. Ал Софья Сподаренко 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде 58,55 секунд көрсетіп, жүлделер үшін күресуге мүмкіндік алды.
400 метрге еркін жүзуде Ғалымжан Балабек 3 минут 46,87 секунд нәтиже көрсетті. Ол бір апта бұрын Ташкентте өткен әлем кубогы кезеңінде өзі орнатқан Қазақстан рекордын жаңартты.
Әлем кубогы кезеңінің екінші жарыс күніндегі финалдық жүзулер сағат 18:00-де басталады.



