Басты жаңалықҚоғам

Кептеліс азая ма? Қаладағы ірі жол жобалары қашан аяқталады

Елордада биыл 50-ге жуық жол нысанында құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін тағы 15 шақырым жол салу жоспарланған. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды.

Тәуелсіздік көшесінде қозғалыс өзгереді

Тәуелсіздік көшесінің Қабанбай батыр даңғылынан Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі бөлігінде жол және инженерлік желілер құрылысы жүріп жатыр. Қараша айының соңына дейін осы учаскенің бір жағымен көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланған. Жоба Мәңгілік ел мен Тұран даңғылдарындағы кептелісті азайтуға бағытталған.

Ә. Жангелдин көшесі қарашада ашылуы мүмкін

Ә. Жангелдин көшесінің К. Күмісбеков және Ш. Бейсекова көшелерінің арасындағы бөлігінде жол құрылысы жалғасуда. Бұл №65 мектеп-гимназиясына, техникалық колледжге және «Білім-Инновация» мектеп-интернатына қатынауды жеңілдетеді. Жобаның барлық учаскесінде 10 қарашаға дейін көлік қозғалысын қамтамасыз ету көзделген.

Тілендиев даңғылында жолайрық салынып жатыр

Н. Тілендиев даңғылы мен Ш. Бейсекова көшесінің қиылысындағы екі деңгейлі жолайрықтың көпір конструкцияларын құрастыру аяқталған. Инженерлік коммуникациялар жұмысының 90 пайызы орындалды.

Жаңа жолайрық Ақан сері, Ш. Қосшығұлұлы және К. Күмісбеков көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтып, Көктал мен Агроқалашық тұрғындарының қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Тілендиев даңғылынан Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейін Абайдың 150 жылдығы көшесі салынып жатыр. Жыл соңына дейін бұл учаскеде де көлік қозғалысын ашу жоспарланған.

Пригородный елді мекеніндегі Е522 көшесінде жол құрылысы жалғасуда. Қазір 600 метрге асфальттың төменгі қабаты төселген. Қазан айының соңына дейін көлік қозғалысын қамтамасыз ету көзделген.

Қала әкімінің айтуынша, жол құрылысы барлық ауданда жалғасып жатыр. Мердігерлерге жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау тапсырылған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button