Астанада Республика күніне орай 120-дан астам іс-шара өтеді

🇰🇿 Астанада Республика күніне орай 120-дан астам іс-шара өтеді
25 қазан – Республика күніне орай елордада концерттер, көрмелер, спектакльдер, спорттық жарыстар мен түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Жалпы, қалада 120-дан астам іс-шара жоспарланған.
Астана әкімдігінің мәліметінше, мерекеге орай бірнеше жаңа нысан да ашылады. Алдағы күндері қала тұрғындары мен қонақтарын қандай іс-шаралар күтіп тұрғанын назарларыңызға ұсынамыз.
🎤 Мәдени іс-шаралар
20 қазанда сағат 17:00-де «Жастар» сарайында «Елім деп соққан жүрегім» атты патриоттық кеш өтеді. Сол күні елорданың барлық мектебінде Республика күніне арналған бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады.
21 қазанда сағат 11:00-де Сәкен Сейфуллин музейінде «Ұлт рухын ұлықтаған Сәкен» атты мәдени-танымдық кеш өтеді.
22 қазанда сағат 11:00-де Достық үйінде ғылыми-сараптамалық топтың қатысуымен конференция ұйымдастырылады. Ал сағат 19:00-де «Жастар» сарайында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі «Ұлы дала әуені» атты мерекелік концерт ұсынады.
23 қазанда сағат 10:00-де Астана қаласының мемлекеттік архивінде оқушылармен «Егемен елдің ертеңі» атты кездесу өтеді.
25 қазанда сағат 11:00-де Өнер музейінде «Рухты ел» атты лекция-концерт ұйымдастырылады. М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры көрермендерге «Ер-Төстік туралы аңыз» ертегісін ұсынады.
Музыкалық жас көрермен театрында сағат 16:00-де «Қазақстан өнерінің мақтаныштары» атты шығармашылық кеш, ал сағат 18:00-де «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасы өтеді. Сонымен қатар Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Жас Абай» спектаклін көрсетеді.
Мереке күні әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Бәйтерек» монументіне экскурсиялар ұйымдастырылады.
🏆 Спорттық жарыстар
Мерекелік бағдарлама аясында түрлі жастағы қала тұрғындарына арналған спорттық жарыстар да өтеді.
22 қазанда сағат 10:00-де Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Есіл ауданының зейнеткерлері арасында шахмат турнирі ұйымдастырылады. Сол күні сағат 14:00-де «МУА» педагогикалық колледжінде Алматы ауданы колледждерінің студенттері ұлттық спорт түрлерінен бақ сынайды.
23 қазанда сағат 10:00-де Қаламгерлер аллеясында Байқоңыр ауданы тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Қатысушылар тоғызқұмалақ, асық ату, армрестлинг және ләңгі тебуден сынға түседі.
24 қазанда «Барыс Аренада» күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа арнайы билет арқылы кіруге болады.
🛍 Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі
24–25 қазанда Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайындағы «Қазанат» ипподромының автотұрағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.
Онда Қарағанды және Қостанай облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынады. Жәрмеңке сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Қала тұрғындары жаңа азық-түлік өнімдерін өндірушілердің өзінен тиімді бағамен сатып ала алады.
Демек, елорда тұрғындарын Республика күніне орай мазмұнды мәдени бағдарлама, спорттық жарыстар мен жәрмеңкелер күтіп тұр.



