Астанада LRT-ның екінші кезеңі 2027 жылдың соңына дейін іске қосылады
Астанада жеңіл рельсті көлік жүйесінің екінші кезеңін салу жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңа бағыт елорданы Қосшы қаласымен байланыстырады.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Tarlan Astana LRT желісінің екінші кезеңін 2027 жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Жоба толық іске қосылғаннан кейін елордадағы көлік қозғалысына түсетін жүктемені азайтып, көшелердің өткізу қабілетін арттыру көзделген.
Әкімнің мәліметінше, қолданыстағы LRT желісімен жасалған сапарлар саны 13,8 миллионға жеткен.
Қала басшысы құрылыс жұмыстарына байланысты туындап жатқан уақытша қолайсыздықтарға тұрғындардан түсіністікпен қарауды сұрады.
Жаңа бағыттың іске қосылуы Астана мен Қосшы арасындағы қатынасты жеңілдетіп, қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.



